Бас шаһарда «Балалар және кәсіпкерлік» жобасы аясында жат­тық­тырушы-мұғалімдерді дайындауға арналған тренинг ұйым­дастырылды.

Оқыту курсын тәмамдаған бизнес бапкерлер  мектеп оқушыларын экономика, қоғам, еңбек өмірі және кәсіпкерлік негіздеріне бау­лып, іскерлік қабілеттіліктерін шың­дайтын болады.

Айта кету керек, бұл жобаны «Жастар қызметкерлерінің қауым­дастығы» «Азаматтық бас­тама­ларды қолдау орталығымен» әріптестікте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып келеді.

Бүгінде аталған бағдарламаның алты және тоғызыншы сынып оқушыларын оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешені әзірленіп қойған екен.

Мұғалімдерді даярлауды Generation Unlimited (GenU) бағ­дар­ламасының сертификатын алған бапкерлердің ұлттық пулы әрі бизнес-жаттықтырушылар жүргі­з­генін атап өткен жөн.

«Тренингтен кейін жаттықтыру­шы-мұға­л­імдер жергілікті жерлерде жо­баға сәйкес білім беру әдісі бо­йынша алтыншы және тоғызыншы сыныптардың 6800 оқушысын оқытатын болады. 6800 оқушы әр өңірден екі қанатқақты мектептен, төрт параллель сыныптағы 25 адамнан құралады», – дейді ұйымдастыру алқасының өкілі Айдар Хамит.

Тағы бір айтар жайт, осы жоба бо­йынша қанатқақты негізде Аты­рау облысында бизнес қалашық тұр­­­ғы­­зылып жатыр. Бұл қалашық Фи­н­ля­н­­диядағы «Мен және менің қалам» («Me and My City») орта­лық­тары желісінің негізінде салыну­да және балалар мен жасөспі­рім­дер­дің әлеу­меттік һәм кәсіп­керлік дағ­ды­ла­рын дамытуға, жастар­дың әлеу­мет­тік мәселелерін алдын алуға бағытталған.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

egemen.kz